Мәдениет

Редактор, заңгер, майдангер Биекенов

Жолым түсіп Астанаға барғанымда Жоғарғы соттың ғимаратына кіре қалдым. Қабырғада Қазақстанның Жоғарғы сотын әр жылдары басқарған адамдардың суреттері орналасыпты. Арасында Әбидолла Биекеновтің суреті тұр. Ойланып қалдым. Бұл қай Биекенов? Шалқар аудандық газетінің алғашқы редакторы емес пе екен? Сұрастыра келсем, кәдімгі сол Биекенов болып шықты. Есімін естігенім болмаса, мардымды мәлімет білмеуші едім.

Өмірде қызық оқиғалар бола береді екен. Дәл сол күні кешкілік інім екеуміз үйдің алдында серуендеп жүр едік. Інім қарсы жолыққан алпыстың маңындағы бір адаммен амандасты. Маған Әбидолла Биекеновтің баласы Марат аға деп таныстырды. Күтпеген жағдай ғой, қуанып кеттім. Жоғарғы сотта болғанымды, суретін көргенімді айтып жатырмын. Іздегенге сұраған, сол жерде Мәкеңе жармастым. Есімі елге белгілі болған әкесі туралы айтып беріңізші деп қолқа салдым.

Әбидолла Биекенов 1911 жылы Ақтөбе облысының Шалқар ауданында туған. Балалық, жастық шағы өткен ғасырдағы төңкеріс пен азамат соғысы, ұжымдастыру, жаппай аштық жылдарына  тап келген Әбидолла ширығып, жан-жақты боп өседі.

Теміржол мектебін бітірген соң, алғыр жігіт Ақтөбедегі кеңес-партия мектебінде оқиды. Осыдан бастап ол еңбекке араласып, белсенділігімен танылады. 1932 жылы Шалқар аудандық газетін ашуға ат салысып, алғашқы редакторы болады. Бір-екі жыл журналистикада еңбек еткен Ә.Биекенов Қарабұтақ аудандық партия комитетінің хатшысы қызметіне тағайындалады. Сөйтіп жүріп Мәскеудегі КСРО Халық комиссариаты жанындағы құқық академиясын тәмәмдайды. Осылайша, оның заңгерлік қызметі басталады. Шалқар, Жұрын аудандық соттарында судья, Ақтөбе облыстық сотында судья, сот төрағасының орынбасары қызметтерін атқарады. 1939-1942 жылдары Қарағанды облыстық сотының төрағасы болып еңбек етеді. 1942 жылы Қарағанды облыстық партия комитетінің хатшысы боп тағайындалады.

Осы жылы Ә.Биекенов соғысқа аттанады. Белорусь майданында, Польша, Германия жерлерінде әскери операцияларға қатысады. Екі рет жарақат алады. Соғыстағы әскери ерлігі үшін екі рет Қызыл Жұлдыз орденімен, бірнеше медальдармен марапатталады.

Ел боп күткен соғыс та аяқталды. Ә. Биекенов Ұлы Жеңіс күнін Мәскеуде Қызыл алаңда қарсы алады. Майдан жолдарында танысқан маршал Г.Жуковты кездестіреді. Маршал оған Мәскеуде қалу туралы ұсыныс жасайды. Алайда майдангерді елі күтіп отыр еді.

1985 жылы Мәскеу қаласында «Баспасөз және жаңалықтар агенттігі» баспасынан шыққан «Музы вели в бой» атты жинақта даңқты әнші апамыз Кеңес Одағының халық әртісі Күләш Байсейітова былай деп еске алады: «Генерал-лейтенант Романенконың армиясында болған бір ғана семинарда отыз төрт қазақ офицерін кездестірген күн ерекше есте қалды. Сүйікті қазақ әндерін тыңдаған олар толқығаннан көздеріне жас алды. Майор Әбидолла Биекенов және гвардия капитаны Пернебай Иманүсеновтің де көздері еріксіз шылауланды… Бұл, әрине, бос-белбеуліктің, көңілі құлазығандықтың жасы емес, қазақ жауынгерлерінің өз халқына, өзінің туған жеріне деген шексіз сүйіспеншілігінің белгісі еді».

Соғыстан кейін 1946 жылы Ә.Биекенов Қазақ КСР Жоғарғы сотының төрағасы болып тағайындалады. Соғыстан кейінгі ауыр жылдарда сот билігін дамыту ісіне белсене кірісіп кетеді. Ұйымдастырушылық шеберлігімен танылып, еліміздің құқық-сот саласына өз ісімен, үнімен еніп келе жатқанда, не бары 35 жастағы қайраткерді ажал алып тынады. Оның шешендік дарыны, энциклопедиялық білімі, азаматтық дүниетанымы кейінгі ұрпаққа үлгі болып қалды.

Ұрпақ демекші, Әбидолла Үмбетжанұлының төрт баласының төртеуі де мақтанарлықтай азамат боп өсті. Үлкені – Кеңес социология ғылымдарының докторы, профессор. Қызы Қанымжан экономист мамандығын алып, сауда саласында ұзақ жылдар қызмет еткен. Қазір зейнеткер. Қайырмағанбет дәрігерлікті қалап, кардиология саласы бойынша докторлық қорғады. Қазақстан денсаулық сақтау ісінің үздігі. Екі жыл бұрын өмірден озды. Біз жүздескен Марат аға да философия ғылымдарының докторы, профессор. Жақсы адамның жалғасы болған немере-шөберелері де аталарының ізін алға апарып келеді.

– Әкеміздің атын мақтан етеміз. Жасым алпыстан асса да әкем туралы әңгіме айтыла қалса, аңсап отырамын. Ол кісі қайтыс болғанда төрт жастағы сәбимін ғой, – деді Марат Әбидоллаұлы. – Өмірден ерте кеткен жұбайының шаңырағын сақтап, бізді өсіріп, оқытқан анамыз Құрманбикенің еңбегін ұмытпаймыз.

Қазір Әбидолла Биекенов туып-өскен Шалқар қаласында көшеге есімі берілген. «Ақтөбе» энциклопедиясына енген.

Мемлекет және қоғам қайраткері, қазақтың тамаша бір перзенті, Ұлы Отан соғысының ардагері Ә.Биекенов туралы Ұлы Жеңіс мерекесі аясында айтып өткенді жөн көрдік.

Бердібай КЕМАЛ.

***

Қашқынды қуған Зәбит

1943 жылдың шілдесі. Ауыл Күркей деп аталатын базда. Кілең он үш-он төрттегі балалар шөп шабады да, одан сәл кішіректеулері тырмалайды. Шөмеле салып, сүйреткімен базға таситын – әйелдер. Жегуге пайдаланатын түйелер мен өгіздерді кәрі-құртаң шалдар мен балалар бағады.

Ер-азаматтардың барлығы соғыста.

Шөп машиналарын жөндеп, орақтарды қайрайтын ұста – алпысқа таяған Бақи ақсақал. Жәрдемшісі – он екі жасар баласы Қуандық. Әкелі-балалы екеуі, әйтеуір, шөп шабуды тоқтатпайды. Бригадир – Мұқаш Шоқпытов, көлікті бағып, әзір етіп ұстайтын – Тамжақ ата. Өткен жылы осы кісінің қолғанаты болған, «айдап кел, қуып кел» тапсырмасын орындап отыратын Зәбит биыл көрші 22-ші ауылдан пошта тасуға пайдаланылып жүр. Он-он бес шақырымдағы көрші ауылға пошта ауданнан келеді. Ауылдағы пошта бөлімінің бастығы Жиенбике буып-түйіп қойған хат-хабар, газеттерді бізге жеткізетін – осы Зәбит. Былайша айтқанда, жұртты қуантатын да, жылататын да  осы он жасар Зәбит.

Ауылдағы бас көтерер азаматтар – ұжымшар есепшісі Әбділда Дияров, байланыс бөлімшесі бастығы Үбайдулла Насырадинов – балаң жігіттер. Соғыстан бір қолы жараланып келген Төралы Жиенбаев бар. Ауылдың қалған адамдары егін орағына көшіп кеткен.

Бірде мынадай оқиға болды. Зәбит Итжеместегі 22-ші ауылдан пошта алып келе жатады. Астында – қамшыласа да баспайтын жуан торы шолақ. Жүрісі өнімсіз. Күн ыстық. Ұлы Борсықтың орғыл құмының іші. Қарны ашып әрі шөлдеген Зәбит ауылға тезірек жетіп, Балша әжесінің айранына бас қойсам дейді. Одан әрі армандай да алмайды.

Кенет бір сүйкімді иіс мұрнын жарып кеткендей болады. Аш құрсақ аласұрып, ішегі шұрқырап, мазасы кетеді. Тебініңкіреп, тамақ исі шыққан жаққа қарай ат басын бұра бергенін өзі де байқамайды. Сөйтсе, құм шоқының үстінен буалдыр түтін сұлбасы сезіледі. Жақындап байқаса, үш-төрт адам шұқырдағы жиде мен талдардың көлеңкесінде бір әрекеттер жасап жатады. Олар баланы көргенде үрке, одырая қарап қалады. Дегенмен «Ассалаумағалейкум!» деп берген сәлемі олардың көңілін жылытады.

Жуан бұтаққа ілінген шелек ішінде жас ет былқып пісіп жатыр. Жидені жағалап және ет ілінген.

Жолаушылардың арасында он екі-он үш жасар бала да, үлкендеу қарт адамдар да көрінеді. Ірі денелі, толықтау келген жиырма бес-отыз шамасындағы жігіт Зәбитті жақтырмай қарағаны сезіледі.

Қалай болғанда да, олар баланы «тамақ ішіп кетерсің» деп орталарына алады. Жас етті жеп, сорпаға тойып ажарланған бала енді ауылға кеткісі келеді. Атын ыңғайлап, айылын тартып, тізгінін қолға ала бергенде әлгі жас жігіт: «Тоқта, сені жібемейміз!» – деп гүр ете қалады. Даусы сондай ызғарлы, зілді шығады. «Сені өзімізбен бірге ала кетеміз не өлтіреміз», – дейді онымен қоймай. «Ойбай, аға, мен не жаздым?» –  деп Зәбит бақырып қоя береді.

Үлкен қарт адам: «Қой, баланың зәресін ұшырма», – деп басу айтқанымен, оның да даусы бәсеңдеу естіледі. «Жоқ, сен шал жөніңе отыр, қазір бұл ауылына айтып барады, олар бізді аттатпай ұстап алады, жібере алмаймын», – деп жас жігіт одан сайын күшейеді. «Ойбай, аға, айтып бармаймын», – деп бұл да білгенінше ант-су ішіп, зар қағады. Тіпті болмаған соң Зәбит өзінің жетімдігін, әкесінің соғыста жүргенін, шешесінің қайтыс болғанын, үйде кемтар інісі Сабанбай екеуінің әжесімен бірге тұратындығын айтып зарланады. Оған да бола қоймайды. Сол кезде жолаушылардың ішіндегі жас бала: «Ағатай, өлтірмеші оны, өзі жетім бала, обал ғой, сіздің де балаңыз бар шығар», – деп жылап жібереді. Осы сөзден кейін өзінің әйелінің аяғы ауыр екені, оның айы-күні жақындап отырғаны, ұл туар деп күтіп жүргені, өзі соны бір көріп кетейін деп майданға аттанған эшелоннан қалып қойғаны, амалсыздан ауылға жасырынып, жолаушыларға еріп бара жатқаны есіне түсіп, «жә, болсын мейлі» деп қолын бір сілтейді.

«Бірақ бізді көргеніңді тісіңнен шығарма, әйтпесе бәрібір өлтіремін», – дейді.

«Ойбай, аға, айтпаймын», – деп қуанып, тордан шыққан торғайдай тұра зытады Зәбит.

Күндегі уақытынан кешігіп келген Зәбитті Мұқаш аға тергеуге алып, не болғанын айтқызбай қоя ма? Сөйтіп, бүкіл ауыл аяғынан тік тұрады. Жедел орталыққа хабар жіберіледі.

Ертеңгі сиыр сауатын уақытта бригадир Мұқаш бастап, ұста Бақи, Төралы, Әбділда, Үбайдулла, тырмашылар Аққалық, Жолмырза сақадай сайланып, атан өгіз, ат мініп қуғынға шығады. Жолбасшы – баяғы Зәбит.

Зәбит кетісімен жолаушылар да дүр көтеріледі ғой баяғы. Орталарындағы жалғыз түйеге кезек мінгесіп, жаяулап-жалпылап таң ата Алақозы деген жерге жетіп, ары қарай асып кетсек деп жоспарлайды олар. Бірақ орта жолдағы Сақи құмы маңында қуғыншылар оларды қуып жетеді.

Мұқаш қашқындарға: «Әуре болмай, беріліңдер, біз соғыстан қашқан адамды ғана ұстаймыз, НКВД тапсырмасын орындауға келдік, үкіметтің құрығы ұзын, соны ескеріңдер», – деп ақылға шақырады. Қашқын жігіт те өз дәлелін айтып, босатуларын сұрайды. Бұған Бақи ұста: «Олай болмайды, сен бүкіл қазақтың атына кір келтіріп тұрсың, сонау қан кешіп жүрген боздақтардан жаның артық па?» – деп ұстауға ұмтылады. Бірақ қашқынның өліспей беріспейтіні белгілі болады, айқас ұлы сәскеге дейін ұласады. Сол кезде әбден амалы таусылған Мұқаш Төралыға атуға бұйрық береді. Ол екі рет аспанға оқ атқанымен, бұл қашқынға әсер етпейді. Енді амалсыздан қара сирақтан көздейді, қашқынның бұлшық етіне енген бытыра әсерінен ол отыра кетеді. Ауылдағы фельдшер қыз Вераға оның жарасын таңдырып, сол күні түйемен Шалқарға жөнелтеді.

…Зәбит Әлімжанов қазір жетпіс алты жаста, Ұлпан бекетінде тұрып жатыр. Соғыс кезіндегі аласапыранда құжаттары жоғалып, өзі кейін 1937 жылғы деп жазылып, тылдағы еңбегі де еленбей қалды.

Айтжан ДҮЙІС,

Шалқар ауданы.

***

«Менімен кетсін соғыс таңбасы»

«Жұлдыз» журналының 1985 жылғы №5 санында белгілі әдебиет зерттеушісі Көбей Сейдехановтың алғысөзімен Ұлы Отан соғысы жылдарында бір топ жауынгер қаламынан туған өлеңдер басылғаны жадымда. Солардың ішінде Рахмет Әбілов есімді автордың да өлеңі жарияланған. 1943 жылы жазылған бұл өлең «Қайран ана» деп аталады.

Асыл анам, айтар сөзім көп,

Қалам алып хат жазуға ебім жоқ.

Екі қол мен екі аяқтан айрылдым,

Өзіңмен де көрісуге сенім жоқ.

Төсегімді ауыстырып жаңадан,

Жолдастарым көмектесед қаумалап.

Осы хатты татар досқа жаздырдым,

Қазақшаны біледі екен шамалап.

Өмір ме екен, аяқ басып жүрмеген,

Өмір ме екен, тең құрбымен күлмеген,

Өмір ме екен, ешбір қызық көрмеген.

Жер бетінде енді соғыс болмасын,

Қарғыс атсын, соғыс құмар оңбасын.

Мен болайын соңғы соғыс құрбаны,

Меніменен кетсін соғыс таңбасы.

Қайран ана, көріспесек қош енді,

Қас жауыма жіберген жоқ есемді.

Тағдырыңды тірілерге тапсырдым,

Перзетіңе ақ сүтіңді кеш енді.

Рахмет Әбілов кім еді? Бұл туралы ол кісінің інісі Нұра ауылында тұратын зейнеткер Әбдінәтіп Ұзақов былай дейді: «Рахмет Әбілов қазіргі Белшер ауылының Жарқамыс деген мекенінде 1923 жылы дүниеге келген. Сол ауылда өсіп, бастауыш мектепте оқып, кейін Ырғыз орта мектебінің 10 класын бітірді. Қазіргі Әйтеке би ауданының Аққұм ауылындағы бастауыш мектепте мұғалім болып жүргенде 1941 жылы соғысқа аттанған. 1943 жылы майдан даласында Рахметтің екі қол, екі аяғын бірдей оқ жұлып кетеді. Жоғарыдағы өлең сол бір адамның басына тағдыр салған үлкен ауыртпалық сәтте жазылған. Ол сол жылы қайтыс болғаннан кейін Калинин облысының Сахно селосында жерленгені мұрағатта сақталған анықтама қағазынан белгілі болып отыр».

– Сұрапыл соғыс оты шарпымаған шаңырақ жоқтың қасы. Біздің әулеттен әскерге алынған алты адамның біреуі де елге оралған жоқ, – дейді Әбекең, – Тағдыр солай жазған шығар. Олар: Мусәлім Карагулин, Инамин Шамғанов, Зинелқабдин Ұзақов, Тажмағанбет Кемалов, Рахмет Әбілов, Уәли Ұзақов.

Жауынгер Рахмет Әбілевтің ұрпақтары ол кісіге есімі есте қаларлықтай ескерткіш-тақта орнату жөнінде ұсыныстарын білдіріп келген еді. Осыдан екі жыл бұрын Ырғызда Ұлы Отан соғысында құрбан болғандарға арнап орнатылған ескерткіш-тақтаға Рахмет Әбілевтің де есімі жазылды.

Марат МЫРЗАЛЫ,

Ырғыз ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button